Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкіметтік сағатта «Уран өнеркәсібін дамыту туралы» сөз болды.

Отырысқа ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары қатысты.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдегендей, әлемдік ядролық энергетика қажетінің 39% қамтамасыз етіп отырған Қазақстан уран өндіру жөнінен көшбасшы. 2016 жылы елімізде 24 700 тонна уран өндірілді, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 76%-ға көп. Қазіргі кезде Қазақстанда 12 кәсіпорын уран өндірісімен шұғылданады, олардың 11-і Франция, Канада, Жапония, ҚХР, Ресеймен серіктестікте құрылған бірлескен кәсіпорындар.

Өндірілген уранның барлығы Қытай, Еуропа, Үндістан, АҚШ және Канадаға экспортталады. Қазақстандағы уран қорының 87%-дан астамы жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен игеруге жарамды. Бұл технологияны МАГАТЭ кен орнын игерудің экологиялық ең таза әрі тиімді әдісі деп таныған.

2015-2016 жылдары 12 уран өндіруші кәсіпорынның кеңселері Алматыдан уран өндірілетін өңірлерге – Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына қоныс аударды. Нәтижеде аймақ бюджетіне түсетін салық төлемдерінің көлемі 10 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорындар жұмыс бастағалы бергі уақыт ішінде 38 млрд теңгелік әлеуметтік жобалар құрылысын қаржыландырды.

Өткен жылы уран бағасы едәуір құлдырады. Осындай күрделі жағдайда Қазақстанда уран өндіру көлемін 10%-ға (2000 тонна уран) қысқарту туралы шешім қабылданды, бұл әлемдік өндірістің 3%-не тең. Айта кетерлік жәйт, бұл шешім нәтижесінде әлемдік уран бағасы 20%-ға өсті.

Депутаттардың сауалдарына жауап берген «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев компания активтерін қайта құрылымдау жоспарына сәйкес 2015-2016 жылдары еншілес және тәуелді ұйымдар саны 82-ден 52-ге қысқарғанын мәлімдеді. 2017 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша тағы 4 кәсіпорынды өткізу жоспарланған: «Каустик» АҚ, «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС, «Аstana Solar» ЖШС, «МК «KazSilicon» ЖШС.

– Жекешелендіру бағдарламасына тек бейінді емес активтер ғана қатысады. Мұндай активтерді сату компанияның барлық ресурстарын негізгі қызметке жұмылдыруға көмектеседі. Уран өнеркәсібінің кәсіпорындары жекешелендіру бағдарламасына енбеген және сатуға шығарылмайды, - деп атап көрсетті Асқар Жұмағалиев.

Трансформацияның барысы туралы сұраққа ұлттық атом компаниясының басшысы бағдарлама оң нәтижесін беріп жатқанын айтты. Мәселен, 2016 жылы оны іске асырудың экономикалық тиімділігі 16 млрд теңгеден асқан. Бұл тиімділікке өндіруші және сервистік кәсіпорындар қызметін трансформациялау, сатып алулар және қойма қызметтерін оңтайландыру, компанияның шетелдердегі өкілдіктерін қысқарту және т.б. есебінен қол жеткізілді.

Қазатомөнеркәсіпте және «Қазатомөеркәсіп-SaUran» өндіруші кәсіпорнында процестерді автоматтандырудың пилоттық жобасын енгізу жүріп жатыр. Сондай-ақ, соңынан бұл тәжірибені барлық кәсіпорындарға тарату мақсатында «Цифрлық кеніш» ақпараттық жүйесін пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, 2025 жылға дейін Трансформация бағдарламасын іске асырудан шамамен 136 млрд теңге экономикалық тиімділік күтіліп отыр.

Бұдан бөлек, Асқар Жұмағалиев депуттаттарға атом өнеркәсібінің басым бағыттары – ядролық отын жасаудың толық циклын құру, дербес ресурстық базаны барынша толығырақ пайдалану туралы әңгімелеп берді. Уральск электрохимия комбинаты (РФ) базасындағы ресейліктермен бірлескен уран байыту жобасы сәтті жұмыс істеп тұр. Саланы әртараптандыру тұрғысындағы серпінді жобаның бірі – «ҮМЗ» АҚ базасында қытайлық АЭС-тердің қажеттілігін өтеу үшін жылдық қуаты 200 тонналық жылу бөлгіш құрамалар шығаратын ядролық отын өндірісінің құрылысы басталды.

Иранға уран жеткізуге қатысты сұраққа жауап ретінде Қазатомөнеркәсіп басшысы тиісті келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.

– Иран атом энергетикасын дамыту жөніндегі өзінің шамшыл бағдарламасын қабылдаған және біз тиісті келісімге қол қойдық. Оның шарттары біз үшін де тартымды. Алайда біз бұл келісімшартты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің үлкен алтылығына қатысушы елдердің барлығының келісімін алған соң ғана жүзеге асыратын боламыз. Тиісті құжаттар қолымызға тигенде ғана, біз бұл мәмілені жасаймыз, - деп түсіндірді А. Жұмағалиев.

Сонымен қатар, Үкіметтік сағатта Қазатомөнеркәсіп басшысы депутаттардың басқа да бірқатар сауалдарына жауап қайтарды.